Қалалар көрінісі

Нұр-сұлтан

Нұр-сұлтан — Қазақстан Республикасының елордасы. Қалада 1 032 475 адам тұрады. Қазір қаланың аумағы 710 км2 алып жатыр. Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан.

Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекеттің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атын экс-президент Н. Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге бұйрық берді. Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда. Қала төрт ауданнан — «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» ауданынан тұрады.

Қаланың көрнекі жерлері ретінде сулы-жасыл гүлзарды, Ақ-Орданы, Бәйтерек, Тәуелсіздік сарайын, Бейбітшілік пен келісім сарайын және Хан-Шатыр мен ЭКСПО көрмесін атауға болады.

Алматы

Алматы - Қазақстанның ең ірі қаласы. Ол еліміздің ғылыми, білім беру, мәдени, тарихи және экономикалық орталығы болып табылады. 1921 жылға дейін қала Верный деп аталған.

Алматы қаласы Іле Алатауының бөктерінде, Тянь-Шаньның солтүстік жотасының етегінде, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында, Еуразия құрлығының орталығында орналасқан.

Қаланың аумағында бақтар мен бақшалар, саябақтар мен бульварлардың көлемі сегіз мыңнан астам гектарды құрайды. Қала тұрғындары шамамен 2 миллионнан астам. Мұнда көптеген ұлт өкілдері тұрады.

Бұл қалада 18 театр, 45 мұражай мен сурет галереялары бар. Ал қаланың шетінде Медеу және Шымбұлақ тау шаңғысы орталығы секілді көптеген спорт кешендері бар.

Ақтөбе

Ақтөбе қаласы – еліміздің батыс өңіріндегі ең ірі қала және Қазақстанның ірі индустрия және мәдениет орталықтарының бірі.

Қаланың іргетасы 1869 жылы ақ төбенің басындағы бекіністің негізінде қаланған болатын.

Ақтөбе қаласы күннен күнге көркейіп, жасаруда. Қаланың басты көшелерінің бірі Әбілқайыр хан даңғылында «Нұрғасыр» облыстық мешіті мен Әулие Николь православ шіркеуі, мұражай, ескерткіштер, әкімшілік және жеке меншік мекемелері бой көтерді, Бірлік және Келісім бульвары ашылды. Бульварда «Шаңырақ» монументалдық-көркем ансамблі, амфитеатр және музыкалық субұрқақ орналасқан.

Қазақ жеріндегі алғашқы планетарий 1967 жылы Ақтөбеде ашылған. Бұл жақта күн мен айдың тұтылуы, метеорлы жауын-шашындар, болид, комета т.с.с. аспандағы құбылыстарды байқауға болады.

Қалада Кіші Жүз ханы – Әбілхайыр ханға, қазақ халқының батыры – Тама Есет батыр Көкіұлы кесенесі, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр қыз – Әлия Молдағұловаға, қазақ халқының билері - Әйтеке би, Мөңке биге, 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына, А.Жұбанов, Ғ.Жұбановаға, Т.Ахтанов пен Қ.Шаңғытбаевқа, атақты ақын Н.Байғанин¬ге арналған ескерткіштер бар.

Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында: «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану ор¬талықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді» - делінген. Бұл ақтөбеліктер үшін үлкен мәртебе. Мұндай өзгеріс ең алдымен өңірдің экономикалық әлеуетін одан әрі арттырады.

Шымкент

Шымкент – Қазақстанның көне қалаларының бірі болып саналады. Қала біздің заманымызға дейінгі II ғасырда салынған. Кезінде Ұлы Жібек Жолы керуен көшінің жолында орналасқан екен.

Қалада қазақ, славян, өзбек, және татар, неміс, еврей, корей, сондай-ақ поляк, башқұрт, әзірбайжан секілді 19 ұлттың мәдениет орталықтары жұмыс істейді.

Шымкент қаласында түсті металлургия, машина жасау және тамақ өнеркәсібін дамытатын 69 өнеркәсіп жұмыс жасайды.

Қалада 8 саябақ пен сквер жұмыс істейді. 3 мәдениет сарайы, 3 мұражай мен 28 кітапхана бар. Облыстық филармонияға вальс королі Шәмші атамыздың аты берілген екен.

Атырау қаласы

Атырау облысының әкімшілік орталығы болып есептеледі. Қала Қазақстанның батыс бөлігінде, Жайық өзенінің бойында орналасқан. Жайық қаланы Ероупа және Азия аймақтарына бөледі.

Атырау– Еуропа мен Азия құрлықтарының шекарасындағы әсем қала.

Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Ғабдол Сланов және Зейнолла Қабдолов сында ақын жазушыларымыз Атыраудан шыққан. Олардың ізін жалғаған буын Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденовтер болды.

Атырау облыстық драма театры және Атырау облыстық өлкетану мұражайы басты мәдени кешендер болып табылады.

Ақтау қаласы

Ақтау — Қазақстанның оңтүстік-батысындағы қала, Маңғыстау облысының орталығы. Қала теңіз және әуе порты болып табылады. Қала Каспий теңізінің шығыс жағасында орналасқан.

Ақтау порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Ақтау түрлі халықаралық құрғақ жүктерді, мұнай шикізатын және мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған Қазақстандағы жалғыз порт болып табылады.

Ақтау қаласы Қазақстанның өзге қалаларынан өз көшелерімен ерекшеленеді. Бұл қалада көше атаулары жоқ. Ақтау көшелері ықшам аудандармен бөлінеді. Қаланың 36 ықшам ауданы бар. Қалалық мекен-жайлар телефон нөмірлерімен ұқсас болып келеді. Мысалы, мекен-жай атауын қысқа 15-25-33 деп атайды. Яғни, 15-аудан, 25-үй, 33-пәтер. Атау берілген екі даңғыл бар, ол қала орталығындағы Бірінші Президент пен Тәуелсіздік даңғылдары.