Еңбекпен тапқан тиын (Ы.Алтынсарин)

Біреудің ерке ұлы болыпты, өзі жалқау екен. Әкесі оны бағып-қағып, асырапты. Ақыры кәрілік жеңіп, сырқаты күшейген әке әйеліне айтыпты:

-Ұлыма ештеңе қалдырмаймын. Ол – жалқау. Барды ұқсату, табыс табу бұның қолынан келмейді.

Жаны ашыған анасы ұлына он сомдық алтын береді: «Мынаны еңбегіме алған едім», - деп, әкеңе алтынды сыйлағайсың.

Кешке алтынды әкесіне ұсынады. Алтынды шал лаулап жанып жатқан пешке лақтырып жіберіп:

-Бұл сенің еңбекпен тапқан ақшаң емес, - депті.

Қулықтан ештеңе шықпайтынын білген анасы:

-Біз әкеңді алдай алмайтын көрінеміз, балам. Онан да ақшаны жұмыс істеп тап, - деп ақыл айтыпты.

Бала үйінен кетіп, апта бойы жұмыс істейді. Тапқан тиынын әкесіне әкеп береді. Қария алтынды тағы да отқа лақтырып жібереді. Бұған ұлы шыдай алмай, жалаңаш қолымен ақшаны суырып алады да:

-Әке! Мен бұл тиынды апта бойы шаршап-шалдығып жүріп таптым. Мұныңыз қалай? – деп айқай салыпты.

Әкесі тұрып:

-Бұл ақшаны өз еңбегіңмен тапқан екенсің, балам. Көзім енді жетті, - депті ұлына.

Тапсырма: Мәтінді оқып шығып, түсінгенің бойәынша қасыңдағы адамға мазмұндап бер.

Сұрақтарға дұрыс жауап беріп көр:

Әкенің баласына қатал болу себебі неде?

Әкесі өтірікті қалай біліп қойды?

Бала неліктен ақшаны оттан суырып алады?